Терім науқаны басталған уақыттан бері 84 мың 500 тонна мақта терген шаруалар маусым соңына дейін бұл көрсеткіштерді жоспарға сәйкес, 265 мың тоннаға жеткіземіз, дейді.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының мәліметінше, «ақ алтын», негізінен Мақтарал мен Шардара аудандарында жиналып жатыр.
Ал Отырар, Түркістан және Ордабасы аудандарында жиын науқаны енді қыза бастаған. Мақтаның сатып алу бағасы өткен жылмен салыстырғанда біршама өсіп, 100-105 теңгеге жеткен.
«Ақ алтынның» қымбат бағада саудаланып жатқанына мақтаралдық шаруалар дән риза.
Айта өткен жөн, облыста 99,3 мың гектар жерге шиті мақта егілген. Шаруалар мақта алқабының әр гектарынан 26,7 центнерден өнім аламыз деп отыр.