Астанада Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің Экономика министрлерінің 5-ші кездесуі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің Экономика министрлерінің 5-ші кездесуі өтті

29.09.2015
Астанада Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің Экономика министрлерінің 5-ші кездесуі өтті

Шараға Түркияның Экономика министрі Нихат Зейбекджи, Әзірбайжанның Экономика және индустрия министрінің орынбасары Сахиб Мамедов, Қырғызстанның Экономика министрінің орынбасары - Данияр Иманалиев, сондай-ақ Түркі кеңесі Бас хатшысының орынбасары Омер Кочаман қатысты.

Кездесу барысында түркітілдес елдердің көпжақты сауда-экономикалық ықпалдастығын одан әрі үлғайту, инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша жұмыс топтарының қызметі, экономиканы әртараптандыру, кәсіпкерлікті дамыту, біріккен инвестициялық қорын құру мәселелері талқыланды.

Ерболат Досаев: «Түркі кеңесі инвестициялар, кәсіпкерлік, экономиканы әртараптандыру сияқты әр түрлі салаларда жұмыс істейді. Алайда, қазіргі қиын экономикалық жағдайда Кеңес елдерінің сауда саласындағы ынтымақтастықты нығайтқан жөн», - деп атап өтті.

ҚР Ұлттық экономика министрі сауда қатынастарын дамытуға ықпал ететін шаралардың бірі ретінде өзара саудадағы кедергілерді қысқартуды ұсынды.

Министр: «Тарифтік және тарифтік емес кедергілерді жою үшін Еуразиялық экономикалық одағын құру қажеттігі айтылды. Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі мемлекеттерінің ішінде оның мүшелері Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы болып табылады. ЕАЭО шеңберінде 170 миллиондық нарық қалыптасқан және тауарлардың, қызметтердің, капиталдар мен жұмыс күшінің еркін айналымына жағдай жасалған», - деді.

Ерболат Досаев әлемдік экономикадағы үрдістер әр мемлекеттен экономикалық инструментарийлерді жетілдіруді қажет ететіндігін атап өтті. Осылайша, жаңа құрылымдық экономиканың үлгісін қалыптастыру мақсатында Елбасы қазіргі заманғы мемлекеттік аппаратты қалыптастыратын, заң билігін қамтамасыз ететін, индустрияландыру мен экономикалық өсу, бірыңғай болашақтың ұлтын қоса алатын 5 институционалдық реформаларын жүзеге асыру бойынша «100 қадам» Ұлт жоспарын ұсынды.

Кеңес құрылғаннан бері өткен 6 жыл ішінде Қазақстан Республикасының Түркі кеңесінің елдерімен сауда айналымының көлемі 2 есе ұлғайды.

Жиын соңында мемлекеттер арасында түрлі салалар бойынша ынтымақтастықты дамыту жөніндегі бірқатар құжаттарға қол қойылды.

 

 

Хабарламаларға жазылу