Тоқтар Әубәкіров – қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер. Сонау 1961 жылы мектепте оқып жүрген балаң шәкірт парашют үйірмесіне қабылданған. Араға екі жыл салып, Қарағандыдағы ұшқыштар даярлайтын үйірмеге ауысып, машина-трактор станциясында комбайншының көмекшісі болып жұмыс істеген.
1969–1975 жылдары Кеңес Одағы Әскери-әуе күштерінің Қиыр шығыс әскери округінде ұшқыш, звено командирі, эскадрилья командирінің орынбасары болған.
Тоқтар Оңғарбайұлы 1988 жылы Кеңес одағында тұңғыш рет жерге қонбай, әуеде ұшаққа 2 рет жанармай құйдыру арқылы солтүстік полюске ұшу сапарын ерлікпен орындады.
1991 жылы 2 сәуірде Кеңес Одағы Ғарышкерлер даярлау орталығында ғарышқа ұшу дайындығына кірісіп, сол жылы 2 қазанда Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа ұшты.
Ғарыш кемесі жер төңірегіндегі «Мир» орбиталық кешенімен түйісті. Онда ол өзге ғарышкерлермен бірге биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал теңізі аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Осылайша 45 жасында ғарышкер атанды.
Бұл туралы толығырақ «Таңшолпан» бағдарламасынан біле аласыздар.