Айтыс Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Тараз қаласында өтті. «Мәңгілік ел» халықаралық ақындар айтысына қазақстандық сөз жүйріктерімен қоса Қытай мен Моңғолия айтыскерлері де өнерлерін көрсетті. Айтыста 26 ақын бақ сынады.
Қазылар алқасының құрамына Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов, филология ғылымдарының докторы, профессор, публицист, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Намазалы Омашев, ЮНЕСКО профессоры, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай, ақындар Қонысбай Әбілев, Әсия Беркенова, Әселхан Қалыбекова, жазушы, драматург, қоғам қайраткері Арғынбай Бекбосын, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері, «Асыл арна» телеарнасының директоры Мұхамеджан Тазабеков кірген.
Айтыстың жүргізушісі: белгілі ақын, «Мұқағали Мақатаев» сыйлығының иегері, халықаралық айтыскер ақындар мен жыршы-термешілер одағының төрағасы – Жүрсін Ерман.
Екі күнге созылған жыр додасының қатысушылары іргетасын Жәнібек пен Керей қалаған Қазақ хандарының ел басқарудағы ерен еңбегі мен тұлғасын ашып, Елбасымыз бен мемлекетіміздің бүгінгі саясатын, Тәуелсіздік туы астындағы ел санасына «Мәңгілік ел» идеясын өркендету, батыр бабаларымыздың ерлік істерін, Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеудің мәні мен бүгінгі таңдағы тарихи маңызын жырлады.
Айтыс қорытындысы бойынша, бас жүлде мен бірінші орынның жүлдесі біріктіріліп, Болатбек Мейірбекұлы мен Аспанбек Шұғатаевқа тең бөлініп берілді. Қос бас жүлдені жеңіп алған ақындарға 2,5 млн теңгеден сыйақы берілді.
Екінші орынды қызылордалық азулы ақын Иранғайып Күзембаев еншіледі. Оған 2 млн теңгенің сертификаты табысталды.
Үшінші орынды Айбек Қалиев пен жас ақын Мейірбек Сұлтанхан өзара бөлісті. Олардың әрқайсысына 650 мың теңгеден сыйақы берілді.