Алғаш шаршы алаңға 52 келідегі Олжас Сәттібаев шықты. Ол 18 жастағы болгариялық боксшы Даниель Асеновті еш қиыншылықсыз ұтты. Олжас алғашқы жекпе-жекте украиналық Игорь Сапинскийді 2:1 есебімен ұтқан.
Екінші болып Ұлттық құрама капитаны 69 келідегі Данияр Елеусінов шаршы алаңға көтерілді. Данияр Елеусіновте өзінің алғашқы кездесуін жеңіспен бастады. Ол – беларусьтік қарсыласы Павел Кастраминді 3:0 есебімен жеңді.
Шаршы алаңға үшінші 81 келідегі Әділбек Ниязымбетов шықты. Бұл Әділбектің Әлем біріншілігіндегі алғашқы кездесуі еді. 3 раундқа созылған тартысты бәсекеде Ниязымбетов Сириялық қарсыласы Алдын Хоуссоунды 3:0 есебімен ұтты.
Қазақстандық боксшылардан шаршы алаңға соңғы болып, аса ауыр салмақтағы Иван Дычко шықты. Бразилиядан келген қарсыласы Рафаель Дуарте Лиманы еш қиындықсыз және артық күш жұмсамай ұтты. Осылайша, бүгін рингке көтерілген боксшыларымыздың барлығы жеңіске жетіп, турнирдің ширек финалына шықты.
Кешегі жарыс күнінде 75 келідегі Жәнібек Әлімханұлы мен 91 келідегі Василий Левит ширек финалға шыққан еді.
Ал, екі боксшымыз жарыстан шығып қалды. Олар – 56 келідегі Қайрат Ералиев пен 60 келідегі Зәкір Сафиуллин.
Еске сала кетейік, ширек финалдық бәсекелер ертең өтеді.