Қазақ ән өнерінде сырнай дәстүрін қалыптастырушы Нартайдың өнері мен қайраткер тұлғасын жас ұрпақтың санасында жаңғырту мақсатында өткен байқау дәстүрлі әншілер мен мектептердің тәжірибе алмасуына септігін тигізді.
Облыс әкімі Қ.Көшербаев әнші-композитор, заманының бұлбұлы Нартай Бекежановтың 125-жылдығымен құттықтап, байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі.
Рамазан Тайманов, Шахмардан Әбілов, Алмас Алматов, Қажыбек Бекбосынов сынды дәстүрлі ән-жыр майталмандары қазылық еткен өнер додасына еліміздің әр өңірінен 22 үміткер қатысты. Олар байқау барысында Н.Бекежановтың шығармашылығынан бір ән және өз өңірінің дәстүрлі ән мектебінің бір әнін орындады.
Байқау қорытындысы бойынша Нартай жыр мектебінің ізін жалғастырушы қызылордалық Мұхамедәлі Бекпейісов бас жүлдені жеңіп алды. Ал атыраулық Ақмарал Ноғайбаева -1 орын, астаналық Зульфия Баймырзаева – 2 орын, қарағандылық Дәуренбек Аркенов 3 орынды иемденді.