Демалыс күндері Астана қаласында кезекті ауылшаруашылық жәрмеңкесі ұйымдастырылуда. Бұл жолы елордаға Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының ауылшаруашылық өнімін өндірушілер ат басын бұрды. «Хан шатыр» ОСО алдындағы алаңға 60-қа жуық сауда шатыры тігілді.
Жәрмеңкеде елорда тұрғындарына әлеуметтік маңызы бар тағамдар: көкөніс, ет, шұжық өнімдері, макарон, жұмыртқа, бал және өзге де өнімдер ұсынылды. Астаналықтарға тауар өнімдері нарық бағасынан 15-20% арзанға сатылады.
Солтүстік Қазақстан облысының шаруалары құны 175 млн теңге болатын 600 тоннаға жуық өнім ұсынса, қостанайлық ауылшаруашылық өнімін өндірушілер бағасы 91 млн теңгеге 370 тонна өнім әкелді.
Айтып өтерлігі, Қазақстан өңірлерінің қатысуымен өтетін апта сайынғы ауылшаруашылық жәрмеңкесі Астана қаласы әкімдігінің азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында іске асырылады. Астанада қыркүйек айының басынан бері Жамбыл, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Атырау, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарының ауылшаруашылық жәрмеңкелері өткен болатын. Ал аталған шараны Ақмола облысының шаруалары қорытындыламақ.