Бүгін «Таңшолпан» бағдарламасында айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов қонақ болды.
Ол жуырда Талдықорған қаласында өткен XIX ғасыр ақын Сүйінбай Аронұлының 200 жылдығына арналған «Менің пірім - Сүйінбай» атты айтыстың бас жүлдесін иеленді. Сұхбат барысында осы айтыс туралы әңгімеледі.
«Үлкен айтыс сахнасына Сүйінбай атамыздың 190 жылдық мерейтойында түскен екенмін. Биыл 200 жылдығына қатыстым. Айтыста жүргенімізге тура 10 жыл болды. Айтысқа Моңғолиядан, Қытайдан қандастарымыз келді. Мен қырғыз ақындарымен айтыстым», - дейді Жандарбек Бұлғақов.
Сондай-ақ, ол басқа да елдерде айтыс өнерінің қалай дамып жатқанына тоқталды.
«Еліміздегідей басқа елде айтыс шоқтығы биік өнерге әлі айнала қойған жоқ. Бірақ, тәжірибе алмасу деген бар. Біздің олардан, олардың бізден алатын жерлері бар екені бірден көрініп тұр. Өйткені қандастарымыздың тілінің шұрайлылығы, теңеумен сөйлеуі – қазақ ақындарына кейде жетпей жатады», - деді айтыскер ақын.
Жандарбек Бұлғақовтың сұхбатын «Таңшолпаннан» тыңдай аласыздар.