Қазақстан 2015 жылы құны 26,7 млрд АҚШ доллары болатын мұнай сатқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан 2015 жылы құны 26,7 млрд АҚШ доллары болатын мұнай сатқан

25.02.2016
Қазақстан 2015 жылы  құны 26,7 млрд  АҚШ доллары  болатын  мұнай сатқан
Қазақстан 2015 жылы  құны 26,7 млрд  АҚШ доллары  болатын  мұнай сатқан

Өткен жылы Қазақстан экспорттаған мұнайдың жалпы құны 26,7 млрд долларды құраған. Бұл дегеніңіз, 63,6 млн тонна мұнай. Осы ақпаратты Қазақстан Республикасы Статистика комитетіне сілтеме жасап, LS агенттігі таратты.

2015 жылы Қазақстан экспорттаған мұнайдың ең көп мөлшерін Италия сатып алған. Италия былтыр Қазақстаннан 17,9 млн тонна мұнай импорттапты. Мұның жалпы құны 7,9 млрд АҚШ долларын құраған.

Екінші орында 8,8 млн тонна мұнай алып, 3,7 млрд доллар төлеген Нидерланды мемлекеті тұр. Одан кейінгі орындарды 5,9 млн тонна мұнайға 2,3 млрд доллар төлеген Швейцария мен 5,5 млн тонна мұнай алып, 2,4 млрд доллар берген Франция иеленіпті.

Ал, аса ірі мұнай тұтынушы ел ретінде танылған Қытай Қазақстаннан 5 млн тонна мұнай сатып алған. Нәтижесінде, көрші ел бізге 2 млрд доллар төлепті. Бұлардан бөлек, қазақ мұнайы Румынияға (3 млн тонна), Грекияға (2,7 млн тонна), Испанияға (2,5 млн тонна), Ресейге (2,3 млн тонна) сатылған. Сонымен қатар Оңтүстік Корея 667,6 млн доллар болатын 1,5 млн тонна, Португалия 641,8 млн долларлық 1,4 млн тонна мұнай сатып алған.

Жалпы, Қазақстан мұнайы өткен жылы жиырмаға жуық мемлекетке сатылғаны белгілі болды. Олардың арасында сөз басында аталған елдермен қатар Швеция, Жапония, Израиль, Үндістан мен Түркия да бар. Бірақ, оларға сатылған мұнай көлемі онша көп емес.


Kaznews.kaztrk.kz

Хабарламаларға жазылу