Қыс маусымында кішкентай балалар мен қала тұрғындары үшін дәстүрлі түрде мұз айдындар, сырғанақтар ашылады. Атап айтқанда, «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығы алдындағы алаңда қаладағы ең үлкен мұз айдыны ашылады. Бұл алаңда елорданың бас шыршасы орнатылады.
Астана қаласы әкімдігі жанындағы алаң мен Есіл өзені жағалауында да мұз айданы мен сырғанақтар ашылады. Сонымен қатар, Есіл өзені жағалауында түрлі мүсіндер орнатылатын қысқы қалашық бой көтермек. Елорда мектептері ауласында қосымша 11 мұз айдыны пайдалануға беріледі.
Қала тұрғындары мен қонақтары үшін жеке тұрғын алаптар мен кешендерде сырғанақтар жасалады. Ағымдағы қыс маусымы кезінде Астана қаласы «Алматы» ауданында Ақбұлақ өзені бойында, «Жерұйық» саябағында және Оқушылар сарайы маңында сырғанақтар ашылады.
Сондай-ақ, Пригородный, Ильинка және Заречный елді мекендерінде де арнайы мұз айдындар пайдалануға беріледі. «Арай» саябағында коньки тебу орны жасалады.
«Сарыарқа» ауданында бірнеше мұз айдыны ашылады: Көктал тұрғын алабындағы «Наз» театры алдында және Өндіріс елді мекеніндегі № 49 орта мектеп жанында.
Көктал, Өндіріс елді мекендері мен 188, К.Байсейітова, 3 көшелері бойында қосымша сырғанау алаңдары жасалады.
astana.gov.kz