Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы қабылданды.
Құжат Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындауға бағытталған. Сонымен қатар, 2011-2020 жылдарға арналған білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруды көздейді.
«Педагогика мамандығына тапсыратын талапкерлер үшін 2016 жылдан бастап қосымша емтихан енгізіледі. Жұмысқа қабылданатын үміткерлерден бұрын сотталғандығы мен психологиялық ауруларының бар-жоғы да тексеріледі, педагогикалық этика қағидасы мен оны орындаудың міндеттілігі енгізіледі. Сонымен бірге, ата-аналар мен басқа да заңды өкілдерге педагогтардың қадір-қасиеті мен ар-намысын құрметтеу міндеттеледі», - деді Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов.
Бұдан бөлек, заң жобасымен 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқыған адамдарға оқу орнын бітіргеннен кейін кемінде үш жыл мамандығы бойынша міндетті жұмыспен өтеу нормасы енгізіледі.
Білім беру деңгейлері бойынша оқулықтардың, оқу-әдістемелік кешендердің және оқу құралдарының сараптамасын жүргізу ұйымдары жөніндегі қызметке мемлекеттік монополия енгізіледі.
Парламент қабылдаған Заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.