Кездесуде екіжақты экономикалық әріптестікті дамыту мәселесі сөз болды.
Кездесуге Қазақстандағы Чехия Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Элишка Жигова, Чехияның Құрметті консулы Ұзақбай Айтжанов және ТМД елдері бойынша Сауда-өнеркәсіптік палатасының директоры Франтишек Масопуста және облыс әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев қатысты.
Облыс басшы Амандық Баталов шетелдіктерге Алматы облысының даму жағдайы, экономикалық мүмкіндіктері, агроөнеркәсіп кешеніндегі айтулы жобалар туралы баяндады. Чехия мемлекетімен іскерлік қарым-қатынас орнатып, екі ел арасындағы байланысты жандандыруға пейілді екенін атап өтті.
Өз кезегінде Чехия елінің Ауыл шаруашылығы министрі Мариан Юречка Қазақстанның, соның ішінде климаттық жағдайы, орналасуы жағынан өте қолайлы екендігін айтып, Алматы облысының агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция салуға ниет білдірді.
Министрдің айтуынша, Чехияда ет-сүт өнімдерімен қатар, сыра өңдеу жұмысы жандандырылған. Ал ауыл шаруашылығында тамшылатып суару технологиясының игілігін көріп отыр.
Осы сапарда Қазақстаннан құс фабрикасын салу мәселесін шешуге қадамдар жасалуда. Келешекте өндіріс пен өнеркәсібі өркен жайған Алматы облысына инвестиция салып, кәсіпкерлікте бірлескен маңызды жобаларды жүзеге асыратынына сенімділік білдірді.
Кездесуден кейін екі жақтың ресми өкілдері «Атакент» жәрмеңке орталығында ұйымдастырылған чехиялықтардың ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысып, отандық өнім түрлерімен танысты. Онда 36 компанияның өнімі көпшілік назарына ұсынылды, деп хабарлайды Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.