«Қазіргі жағдайда өздеріңіз көріп отырсыздар, дүниеде де, бізде де үлкен дағдарыс бар. Біздің сыртқа шығарылатын экспорттық тауарымыздың бағасы төмендеді. Мұнайдың бағасы бүгін 43 доллар болып тұр. Жылдың ортасынан бері қарай санағанда, жалпы, жарты жылдың ішінде 3 есе төмендеді деген сөз», -деді Елбасы.
ҚР Президенті осыған байланысты Үкімет бюджеттің жобасын әзірлеп, бүгін оны Парламент қарауына енгізетіндігін атап өтті, деп хабарлады ҚазАқпарат.
«Біз оның барлығын егжей-тегжейлі қарап шықтық. Соның негізінде ендігі жылға арналған халыққа жолдау болады. Осының барлығын біз қазір кеңесте тыңдайтын боламыз. Содан кейін не істеуіміз керектігі жөніндегі тапсырмаларды талқылаймыз», - деді Н.Назарбаев.
ҚР Президенті ағымдағы жылдың қыркүйек айында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында бірқатар тапсырма берілгенін еске салды. Бұл бағытта нақты жұмыстардың атқарылғанын, қажетті заңдардың біразына қол қойылғанын айтты.
«Сондықтан халыққа жариялағандай, бұл реформалар ендігі жылдың басынан бастап іске асырылатын болады», - деді Мемлекет басшысы.