ТАСС тілшілерінің хабарлауынша, Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласының әскери полициясы бейсенбі күні «Коринтианс» футбол клубының жанкүйерін ұстады. Ол стадионға жарты келі жарылғыш зат алып кірмек болған.
Құқық қорғау органдарының өкілдері күдіктіні тексерудің екінші кезегінде анықтады. «Біз бірінші тексеруді стадионға келетін жолдың алдында бастағанбыз. Ұсталған азамат стадионның басқа бір жағынан келіп, кіріп кетпек болды. Сондықтан, біз оған бірден назар аудардық»,-деді полиция майоры Силвиу Луис.
Әзірге ұсталған азаматтың аты-жөні жарияланбаған. Мәлім болғаны тек оның 30-дар шамасында екені. Футбол матчының өткізілуіне байланысты «Сау-Жануариу» стадионының маңайындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Әуеден екі тікұшақ жағдайды бақылап отырған.
Ал стадион маңайындағы дүкендерді иелері футбол фанаттарынан қорқып, тәуліктің жартысында-ақ жауып тастаған. Қауіпсіздік шараларының күшейтілгендігіне қарамастан, полиция қызмекерлеріне бірнеше мәрте көзді ашытатын газды пайдалану қажет болған.
«Коринтианс» жанкүйерлері болса, стадион маңында орналасқан бардан сыра ұрламақ болып, оларды тәртіп сақшылары тоқтатты.