Бүгін елордалық «Астана-Арена» стадионында футболдан ҚР Кубогының финалы өтеді. Маусымның соңғы матчында жергілікті «Астана» мен алматылық «Қайрат» кездеседі.
Бұл ойынды «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы сағат 14:00-ден бастап тікелей эфирде көрсетеді.
Айта кетейік, «Астана» футбол клубы биылғы маусымда Қазақстан Премьер Лигасында топ жарса, «Қайрат» 2-ші орынға тұрақтаған. Ал, осы жылы командалар 5 рет кездескен. Оның 3-інде елордалық клуб жеңіске жетсе, 2 рет «Қайрат» басым түскен.
Екі клуб «Астана-Арена» стадионында 10 матч өткізген. Астаналықтар соның 4-ін ұтса, алматылықтар 2 рет жеңген және 4 тең ойын тіркелген. Соғылған голдар саны 20-11.
Ал, жалпы командалар бір-бірімен 19 рет кездескен. «Астананың» еншісінде 10 жеңіс бар. «Қайрат» 3 рет ұтып, 6 ойын тең есеппен аяқталған. Соғылған голдар бойынша Станимир Стойлов шәкірттері алда – 35-21. Осыған қоса, олар екі команда арасындағы ең ірі жеңісті тойлаған (2011 жыл, есеп – 6:1).
Сонымен қатар, финалдық матчқа түркиялық Джүнейт Чакыр төрелік етеді. «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы тікелей эфирді 14:00-ден бастайды. Көрермендер үшін матч алдында арнайы студиядан хабар ұйымдастырылады.