Бүгін Астанада «WikiBilim» қоғамдық қоры «Kitap» мобильдік қосымшасының тұсаукесерін өткізді. Осылайша, отандық мобильдік жобалардың қатары тағы бір қазақтілді қосымшамен толықты. Шараға «WikiBilim» ҚҚ қамқоршылар кеңесінің мүшесі Нартай Әшім, ақын Дәурен Берікқажыұлы, Назгүл Қожабекова және т.б. бқатысты.
Бұл қосымша қазақ тіліндегі 4 000 кітапқа тегін қол жеткізуге мүмкіндік береді. Тегін kitap мобильдік қосымшасы «WikiBilim» қоғамдық қоры дамытып жатқан «Қазақстанның ашық кітапханасы» атты онлайн-жобасы негізінде жүзеге асырылып отыр. Жобаның негізгі идеясы – Қазақстанның мәдени мұрасының мультимедиялық топтамасын сандық форматта қолжетімді етуге бағытталған.
Мақсаты – ұлттық әдебиет, ғылым, мәдениетке қатысты туындыларды жинақтау және авторлық құқықты сақтай отырып, көпшілікке тарату.
«Интернет бүгінде мәдениетке де, әдебиетке келіп жетті. Қазіргі таңда, үлкендер тұрмақ, бүлдіршіндердің қолында смартфон бар. Қазақ тілінде сөйлейтін, қазақша оқитын оқырманға ең керемет контент ұсыну – мақсатымыз болды. Осылайша, қазақ классиктерімен сөйлесе отырып, «шығармаларыңызды интернетке жүктесек», деген ұсыныс айттық.
Сонда қазақ авторларының біразы қолдады. Алғашқы, қолдағандардың бірі – Мұрат Әуезов ағамыз. Ол кісі Мұхтар Омарханұлының 50 томдығын түгел «kitap» жобасына енгізуге келісім берді»,-дейді «WikiBilim» ҚҚ қамқоршылар кеңесінің мүшесі Нартай Әшім.