Шымкентте Мәдениет және өнер кеңесі құрылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте Мәдениет және өнер кеңесі құрылады

27.11.2015
 Шымкентте Мәдениет және өнер кеңесі құрылады

«Кез келген қоғамда көптеген дүниені сатып алуға болады. Алайда, сатылмайтын бір құндылық бар. Ол - рухани әлем мен өнер саласы. Біз Шымкент қаласын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқан еліміздегі Астана мен Алматыдан кейінгі үшінші қалаға айналдыру үшін тек ірі сәулет нысандарымен ғана шектеліп қалмауымыз керек. Ол үшін өңір тұрғындарының мәдениет деңгейіне, өз шаһарын көздің қарашығындай қорғап, аялауға үйретуіміз қажет.  2200 жылдық тарихы бар Ұлы Жібек жолы бойындағы шаһардың шежіресін халыққа  үгітей білуіміз қажет. Бұл тұрғыда сіздер мәдениет және өнер саласының қызметкерлерінің мойнына артылар жүк ауыр», - деді қала әкімі Ғабидолла Рахматоллаұлы.

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, актер Сапар Өтемісов шаһар басшысына театрға қонақ болып жиі келіп тұруға шақырып, өз алғысын айтты. «Оңтүстік фильм» мекемесінің директоры Батырхан Дәуренбеков «Қазақ Елі» анимациялық фильмінің жарнамасын көрсетіп, ұлттық рухты көтеретін осындай фильмдердің Шымкент қаласында жасалғандығы өңіріміз үшін мақтаныш екендігін айта келе, миллионға жуық тұрғыны бар шаһарда «Балалар киностудиясы» ашылса деген ұсынысын айтты.  

Мәдениет саласы өкілдерінің сауалдарына жауап берген, шаһар басшысы кездесу барысында көтерілген мәселелер бойынша құзырлы орган басшыларына тиісті тапсырмаларды берді. Сондай-ақ ол  жақын арада өзінің төрағалығымен Мәдениет және өнер саласының кеңесін құратындығын, әр тоқсан сайын «дөңгелек үстел» басында жиналып, елдік мәселелерді кеңесетіндігін жеткізді.

Хабарламаларға жазылу