Бақыт нұры шалқыған гүл-өңінен,
Кең өлкемді сүйемін жүрегіммен.
Елге деген махаббат тыншымайды,
Мұңая да біледі, күле білген.
Өмір маған құшағын жайса дәйім,
Жарқылдатып жүремін найзағайын.
Майыспаймын қашан да елім үшін,
Махамбеттер ұстаған найзадайын.
Туған жердің мәңгілік жыр-әнін де,
Жаттап өскем жасымнан жүрегімде.
Ақ арманым,
Қуатым,
Бар бақытым,
Сен өзіңсің, Ұлы Отан,
Тірегім де!
Мен сүйемін жерімді, ер-елімді,
Аямай-ақ, менен ал керегіңді,
Бейбіт атқан әр таңда кезек күтіп,
Түгендеумен келемін берерімді.
Анық басып тірлікте әр ізімді,
Адалдықпен өтесем қарызымды.
Отан үшін, ел үшін ешқашанда,
Ерінбеймін ақтаудан парызымды.