Елге есімі белгілі Серік Жанболаттың танымалдылығы 1990-шы жылдардан бастау алды. Ол - «Қазақстан» Ұлттық телеарнасында «Ар» жастар студиясы, «Жігіттің сұлтаны», «Қыз сыны», «Тайбурыл», «Үкілі үміт», «Көкпар» секілді жобалардың өмірге келуіне ықпал еткен журналист.
Серік Жанболат - 1964 жылы 14 қыркүйекте Семей облысының Абай ауданында дүниеге келген. Қарауыл ауылындағы Абай атындағы орта мектептi 1981 жылы бiтiрiп, сол жылы аудандық «Совхоз туы» газетiнде тілші болып қызмет iстедi.
1982 жылы Киров атындағы Қазақ мемлекеттiк университетiнiң журналистика факультетiне оқуға түстi. 1984-1986 жылдар аралығында Мәскеу қаласында әскери борышын өтеп келiп, оқуын жалғастырды.
Университет қабырғасында жүргенде Қазақ теледидарының жастар редакциясында студенттердің «Ақиқат» пікірталас клубының тізгінін ұстады. 1989 жылы университеттi тәмамдап, журналист мамандығын алып шықты.
Сол жылы Қазақ республикалық телевизиясының «Жастар» бағдарламасы редакциясына редакторлық қызметке қабылданды.
Қызмет жолын осылай бастаған Серiк Жанболат бүгінде саз әлемінде өнімді еңбек етіп қазақ ән өнерінің дамуына зор үлес қосып келе жатқан айтулы сазгер. Қазақ эстрадасының жұлдыздары оның көптеген әндерін орындап жүр.
Бүгін 15:35-те ҚР Президенті сыйлығының иегері, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистері академиясының академигі, талантты журналист, сазгер Серiк Жанболаттың «Сағынып өмір сүрейін» атты шығармашылық концертін көріңіз.