Жұмабек Тәшенов — қазақтың аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының кандидаты. Әр жылдары Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасы, Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің төрағасы лауазымдарында қызметте жүріп, Ж. Тәшенов республиканың саяси, экономикалық, мәдени дамуына басшылық жасаған жылдары қазақ мемлекетінің аумақ тұтастығының сақталуына көп еңбек сіңірді. Маңғыстауды Түрікменстанға қосу жөніндегі ұсыныстарға тойтарыс берді. Тың өлкесіне біріктірілген солтүстік облыстарды Ресейге, Оңтүстік Қазақстанның мақта егетін аудандарын Өзбекстанға беруге қарсы шықты. Ленин, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі" ордендерімен марапатталған.
Аталған шара барысында салтанатты кеш және Ж.Тәшеновтің өмірі мен қайраткерлігіне арналған кітап көрмесін өткізу жоспарланған. Кешке Ж. Тәшеновтің мұрасын зерттеуші ғалымдар, арнайы қонақтар және мерейтой иесінің туыстары қатысып, Жұмабек Тәшеновтің өмірі мен шығармашылығы туралы естеліктерімен бөлісетін болады, деп хабарлайды Мәдениет және спорт министрлігі.