Бүгін мұсылман жұртшылығы Мәуліт мерекесін тойлауда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін мұсылман жұртшылығы Мәуліт мерекесін тойлауда

23.12.2015
Бүгін мұсылман жұртшылығы Мәуліт мерекесін тойлауда

Пайғамбар және Елші ретінде жіберілген, Пайғамбарлардың ең соңғысы және ең үстемі Мұхаммед (с.ғ.с.) 571 жылы сәуірдің 20-на тура келетін рабиуләууәл айының 12-сі дүйсенбінің түнінде таңға жуық Меккеде дүниеге келді. Міне, осы күн «Мәуліт» мерекесі болып саналады.

Бүгін де әлем мұсылмандарының халықтық мерекесіне айналған, қуаныш пен шаттық күні болған, «мәуліт мерекесі» сан ғасырдан бері жыл сайын тойланып келеді. «Мәуліт» - туған сәт дегенді білдіреді. Мәуліт мерекесінің ең маңызды бөлігі Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айту.

Пайғамбарымыз мәуліт түнінде сахабаларға тағам ұсынып, бала кезінде болған оқиғаларды айтатын болған. Сондықтан да, бұл мереке Алла Расулы туған кезде әлемде болған құбылыстар мен теңдессіз мұғжизаларды айту, тыңдау, үйрену және адамдарға үйрету өте сауапты амалдардан саналады. Мәуліт түні - Қадір түнінен кейінгі ең қадірлі түндердің бірі. Бұл түні Пайғамбарымыздың туғанына қуанғандар кешіріледі.

Қазіргі таңда бұл мерекені бір-екі мемлекеттен басқа барлық ислам елдері ерекше ілтипатпен атап өтеді. Бұл түні сазды аспаптар және харам нәрселерді араластырмай, еркек-әйел араласпай, Аллаһ ризалығы үшін мәуліт жиындарын ұйымдастыру, мәуліт оқу, салауат айту, халыққа дәмді тағамдар ұсыну, жақсылықтар жасау мүстахаб болады. Бұл күні Құран кәрім оқу, қаза намаздарды оқу, садақа беру, дұға оқу және Хақ тағаладан күнәларымыздың кешірілуін тілеу керек.

 

Хабарламаларға жазылу