Талдықорған қаласында аспаздар байқауы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Талдықорған қаласында аспаздар байқауы өтті

23.12.2015
Талдықорған қаласында аспаздар байқауы өтті

Бұл жолы байқауға аудандық, қалалық іріктеу турларында жеңімпаз болған 23 аспаз және кулинарлар қатысты. 

Байқау барысында 500-ден астам түрлі тағамдар мен кондитерлік бұйымдар қазылардың сараптауына ұсынылды. Бағалау барысында тағамның сапасымен қатар оны ұсыну және көркемдеу ерекшелігіне, денсаулыққа пайдалы тағамдарға басымдық беру жайына да назар аударылды. 

Қазылар алқасының төрағасы, Қазақстандағы аспаздық ісі бойынша әзірге жалғыз халықаралық сарапшы Серікхан Әділхановтың айтуынша, «Ақ Дастархан» - тек аспаздық байқауы ғана емес, мейрамханалық істің сапасы мен біліктілігін арттыру алаңы да. Оның түпкі негізінде «Саламатты тамақтану» ұстанымы жатыр. 

Бірнеше аталым бойынша өткен конкурстың жалпы қорытындысында «Қоғамдық тамақтану саласының жыл үздігі» атағы және Гран-При жүлдесі Қарасай ауданының Қаскелең қаласынан келген «Rhama Park» мейрамханасының ұжымына берілді. 

Қазылар алқасы қатысушылар арасынан «Жылдың үздік аспазы» аталымы бойынша Талдықорған қаласындағы «Кишлак» мейрамханасын, «Жылдың үздік кондитері» аталымында Қаскелең қаласындағы «Ас-Мар» кондитерлік кешенін, «Жылдың үздік даяшысы» аталымында Қарасай ауданындағы «Rhama Park» мейрамханасының кондитері Татьяна Бобровскаяны жеңімпаз деп таныды. 

Сонымен қатар, осы байқауда Талдықорған қаласының «Серебрянный водопад» кондитерлік цехы, Үштөбе қаласындағы «ЛАД» кондитерлік кешені, Еңбекшіқазақ, Талғар аудандарының аспаздық-кондитерлік цехтары, Сондай-ақ Жамбыл, Алакөл ауданының аспаздары жүлдегерлер қатарынан көрінді. Олар ақшалай және естелік сыйлықтармен, дипломдармен марапатталды, деп хабарлайды Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Хабарламаларға жазылу