Мерекелік шара барысында кішкентай қазақстандықтар Мемлекет басшысының бейнеқұттықтауын тамашалады, деп хабарлады еліміздің білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.
Астанада ҚР Президенті атынан ұйымдастырылған Жаңа жылдық шырша жаңа Оқушылар сарайында өтті. «Жібек жолының жаңа жылдық ертегісі» атты мерекелік шараға 9 бен 13 жас аралағындағы 200 бала қатысты. Олардың арасында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балалар, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар, мүмкіндігі шектеулі және спортта, шығармашылықта, қоғамдық шараларда түрлі жетістікке жеткен балдырғандар бар.
Мерекелік кештің басты идеясы «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясының басты құндылығы ретінде ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу болды.
Кішкентай астаналықтарды ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов құттықтады. Ертегі қойылымынан кейін балалар аниматорлардың өнерін тамашалап, Оқушылар сарайындағы экскурсияға қатысты. Экскурсия барысында планетарий мен интерактивті саябақты аралады. Шара соңында балдырғандар мерекелік дастарханнан дәм татып, естелік ретінде суретке түсті. Сондай-ақ, түрлі тәттілер, киімге арналған сертификат және жұмсақ ойыншықтар түріндегі сыйлықтармен марапатталды.