Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, бүгін 30-желтоқсан күні Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев «2016 жылды тарихы және мәдениет жылы деп жариялау туралы» Жарлыққа қол қойды.
«Өрлеудің басты қозғаушы күші – адам және ұзақмерзімді перспективада адам дамуына салынатын инвестицияға басымдық беріледі. Экономикалық өсім қарқыны ел азаматтарының интеллектуалдық деңгейі мен рухани әлеуетінің ажырамас бөлігі. Сондықтан да, алдағы уақытта Қырғызстанның экономикалық дамуы елдегі мәдениет пен рухани құндылықтарға байланысты болмақ»,-делінген Жарлықта.
Аталмыш құжат Қырғызстанның бай тарихы мен мәдени құндылықтарын сақтап, оларды одан әрі дамыту мақсатында қабылданған. Сонымен қатар, елді дамытудың өзіндік жеке үлгісін қалыптастырып оны жүзеге асыруда да осы құндылықтардың әлеуеті тиімді пайдаланылатын болады. Сонымен қатар құжат ел азаматтарының мықты, дамыған мемлекет қалыптастырудағы көзқарастарын бір арнаға тоғыстырып, біріктіретін болады, деп жазады КирТАГ агенттігі.