Бүгін – Исаак Ньютон дүниеге келген күн - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін – Исаак Ньютон дүниеге келген күн

04.01.2016
Бүгін – Исаак Ньютон дүниеге келген күн

1643 жылдың 4 қаңтарында Англиядағы Линкольншир графтығындағы Ньютондар отбасында бір сәби дүниеге келді. Сәбидің жетілмей туылғандығы барлық отбасы мүшелерін алаңдатып, оның тірі қалуы күмән тудырған еді. Десе де сәби Исаак тірі қалып, барлық адамзат баласының бақытына орай аман-есен өсіп-жетіле берді.

Мектеп жасында Исаакта дарындылықтың ешқандай белгісі байқалған жоқ. Оқытылған пәндердің көпшілігінен қанағаттанарлық деген баға алып жүрді. Мұны тек баланың оқытылған пәндерге деген қызығушылығының жоқтығымен ғана түсіндіруге болады.

1660 жылы өздігінен Кембридж университетінің Тринити-колледжіне оқуға түскенде, ол небәрі он сегіз жаста еді. Бұл университет сол кезеңдердің өзінде үлкен абыройға ие оқу ордасы.

Айта кету керек, Исаак өмір сүрген он жетінші ғасырдың ортасында Англияда революция болып, бірінші Карлдың басы шабылып, парламент таратылып, ел ішінде бүлік жүріп жатқан кез еді. Осыған қарамастан, Англияда университеттер қалыпты жұмыс істеп, баяу болса да ғылым дамып жатты.

Осылайша, Ньютон 1665 жылы тіл білімдерінің бакалавры атанып, 1668 жылы магистр атағын алып, осы университетке мұғалім болып орналасады. 1669 жылы аты әлемге әйгілі математик әрі оның ұстазы Исаак Барроу оған кафедраны тапсырады. Осы сәттен бастап, 1689 жылға дейін ғалым университетте математика мен оптикадан дәріс оқиды. 

Бір қызығы, Ньютон жастайынан химияға қызығып, онымен де айналысқан. Бұған себеп болған нәрсе мынау. Грантэмдегі қоғамдық мектепте оқып жүрген кезінде ол дәріханашының үйінде бірге тұрған еді. Осының әсерінен химияға қызығушылығы пайда болып, осы саланы да біраз меңгерген.

Дегенмен, Ньютон механикаға көңіл бөліп, сол саланы барынша зерттеуге тырысты. Кейінірек, Галилейдің идеясын дамытып, механиканың негізгі теорияларын қалыптастырды. Ол жаңалық әлі күнге дейін мектеп бағдарламасында оқытылып келеді. 

Оның 1687 жылы жарық көрген Табиғи философияның математикалық бастамалары (латынша: «Philosophiæ Naturalis Principia Mathematica») деген кітабы ғылым тарихындағы ең ықпалды шығарма болып саналады.

Осы еңбегінде Ньютон бүкіләлемдік тартылыс заңын және қозғалыс заңдарын тұжырымдап, содан кейінгі үш ғасырда үстемдік еткен және қазіргі заманғы инженерлік ғылымның негізі саналатын классикалық механиканың негізін қалады.

Ньютон өзінің тартылыс заңы мен Кеплердің ғаламшарлар қозғалысының заңдарының арасындағы сәйкестікті дәлелдеп, жер бетіндегі заттардың қозғалысы мен аспан денелерінің қозғалысы бірдей заңдарға бағынатынын көрсетті. Осылайша, ол гелиоцентризм туралы соңғы күмәнды сейілтіп, ғылыми революцияның басын бастап берді.

Хабарламаларға жазылу