Жолға шыққанда бас айналмас үшін не істеу керек? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жолға шыққанда бас айналмас үшін не істеу керек?

04.01.2016
Жолға шыққанда бас айналмас үшін не істеу керек?

«Теңіз дертінің» ғылыми атауы – кинетоз, яғни, «қозғалыс ауруы» деген мағына береді. Дәл осы жайсыз жайт алғаш рет мұхитта саяхаттау басталған кезеңде пайда болды. «Теңіз дерті» деген тіркес те осы кезден қалыптасқан.

Орта ғасырларда теңізшілердің бұл жағдайға көндіккеннен басқа амалдары болмады.  Бүгінгідей техника дамыған заманда  біз бұл жағдайға жиі ұшыраймыз. Себебі, автокөлік, автобус, пойыз, ұшақ және өзге де қозғалыс көлігі адамның жүрегін көтеріп, лоқсуға алып келеді. Алайда,  бүгінде бұл дертпен күресу жолдары баршылық.

Бас айналу неден болады?

Денедегі вестибулярлы аппарат адамның көліктегі жағдайын хабарлап, визуалды белгілерді қабылдайтын ми бөлігін «шатастырады». Нәтижесінде олар біркелкі емес, әрқайсысы өз бетінше жұмыс істей бастайды. Дәл осы қарама-қайшылық адамның басын айналдырып, лоқсытады.

Бас айналғанда адам өзін қалай ұстағаны жөн?

Бас айналып, кеуде көтерілгенін басу үшін бірнеше қарапайым қозғалыс жасау жеткілікті. Алдымен, басыңызды көлік орындығының арқалығына аз қозғалатындай шалқайтыңыз. Екіншіден, деміңізді бір қалыпты ұстаңыз. Әр дем алысыңызды санап, жайсыз жайтты ойламауға тырысыңыз.

Әуен

Бір қызығы, «теңіз дертінен» арылуға әсем ән тыңдау да көмектеседі. Себебі, ми әуеннің рахатына бөленіп отырғанда, оның бас айналу туралы ойлауға «шамасы» болмайды. Сондықтан, жолға шығарда плеер алып жүруді ұмытпаңыз.

Бейімделу

Біздің ағзамыз кез келген жағдайға бейім келеді.  Жолға неғұрлым көп шықсаңыз, денеңіздегі вестибулярлы аппарат сол жағдайға бейімделіп, қалыпқа келе бастайды.  Әлемде жолда бас айналу дерті болмайтын небәрі 5 пайыз ғана адам бар.

Антигистаминдер

Антигистаминді препараттардың бірқатары «теңіз дертін» емдеуге қолданылады. Олар лоқсуды басып, организмнің жаңа жағдайға бейімделуін тездетеді.

Плацебо

Осылай аталатын  гомеопатикалық дәрілер де жолға шыққанда жиі пайдаланылады. Олар құрамындағы плацебоның әсерімен ғана жұмыс істейді. Себебі, бұл дәріде өзге зат жоқ.

Акупунктурлы  білезік

Бұл білезіктер акупунктурлы  медицинаның отаны – Қытайда пайда болған. Олар шынымен де көмектеседі, бірақ, уақыт керек. Білезік әсер етуі үшін 40 минут күтесіз.

Пластырь

Жолға шығар алдында дәріханадан бастың айналуына қарсы арнайы пластырь сатып алсаңыз болады. Пластырдегі гельдің құрамында зімбір мен жалбыздың сығындысы бар.  Ол жүйке жүйесіне әсер етіп, тыныштандырады.

Хабарламаларға жазылу