12 сағаттық әсері бар ерекше пластырь - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

12 сағаттық әсері бар ерекше пластырь

04.01.2016
12 сағаттық әсері бар ерекше пластырь

Ибупрофен дәрілік препаратты алғаш рет 1962 жылы Стюарт Адамс пен Джон Николсон синтездеген болатын. 1983 жылға қарай ол дәрігердің нұсқаулығынсыз таратыла беретін дәреже алды. Ал, тағы екі жылдан соң оны әлем бойынша 100 миллионнан астам адам пайдаланатын болды.

Бүгінде дәріханалардан ибупрофенді драже, тамшы немесе гель түрінде сатып ала аласыз. Бірақ, әлі күнге дейін осы дәрінің негізінде жасалған пластырьді ешкім ойлап таппаған еді.

Жаңа пластырь ауырсынуды азайтып, қанға 12 сағат бойына ибупрофен препаратын  үздіксіз жіберіп тұрады. Аталмыш өнімді британдық Уорик университетінің ғалымдары мен «Medherant» зерттеу компаниясы мамандары жасап шығарған.

Пластырь іші дәрімен толтырылған түссіз әрі полимерлі матрицадан тұрады. Ғалымдар дәрінің адам қанына жіберілуі үшін талай тер төкті. Олар пластырьдың өте жабысқақ екенін айтады. Себебі, дәрінің жақсы берілуі үшін оны теріге мықтап жабыстыру керек.

Пластырь көбіне тұқым қуалаған дерті бар жандар үшін, мысалы арқа ауруы, артриттен зардап шегетіндерге жақсы көмектеседі.  Ғалымдар өнімді алдағы уақытта сатылымға шығаратындарын айтады.

Хабарламаларға жазылу