Германия үкіметі босқындарға көмектесетін мобильді қосымша жасап шығарды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Германия үкіметі босқындарға көмектесетін мобильді қосымша жасап шығарды

16.01.2016
Германия үкіметі босқындарға көмектесетін мобильді қосымша жасап шығарды

Германия үкіметі елге келіп жатқан босқындарға арнайы смартфондарға арналған қосымша жасап шығарды. Ankommen деп аталатын қосымша мигранттарға Германияда тез жерсініп кету үшін жасалған. Әзірге оны тегін тек Google Play-дан жүктеп алуға болады. Ал, App Store-дағы нұсқасы кейінірек пайда болады.

Ankommen — Мигранттар және босқындар ісі жөніндегі федералды ведомсвто, Жұмысқа орналастыру бойынша федералды агенттік, Гете атындағы институт пен «Бавария радиосы» (Bayerischer Rundfunk) ұлттық телекомпаниясының жасаған жұмыстың нәтижесі.

Ankommen-ді араб, ағылшын, француз, неміс және парсы тілдерінде пайдалануға болады және ол үшін интернетке кіру міндетті емес. Сонымен қатар, онда неміс тілін үйрететін негізі сабақтар курсы, жұмыс табу, тұрғын үй ұсынуға керек құжаттар туралы ақпарат болады. Осыған қоса Ankommen арқылы неміс мәдениеті мен қоғамдық құндылықтар туралы мәліметпен танысуға болады.

Айта кетейік, өткен жылы Германияға 1 миллионнан аса босқын келген. Олардың көбі – Сирия мен Ауғанстандағы соғыстан қашқан адамдар. Елдің канцлері Ангела Меркель босқындарға қатысты «ашық есік» саясатын ұстанады. Алайда, жаңа жылдан кейін босқындардың Кельн қаласындағы әйелдерге шабуылдары туралы хабарланды. Оларға қатысты 500 жуық арыз түсіп, 19 адам тұтқындалған. Енді ел үкіметі бақылауды күшейтіп, заңды бұзғандарды  елден шығарады.  

Жалпы, соңғы уақытта босқындарға арналып бірнеше мобильді қосымша жасалған еді. Мысалы, соның біреуі – арнайы Дрезден қаласында тұрақталғандарға арналған.

Ал, Ankommen-ді жасағандар заң өзгеріп немесе басқа да жаңа оқиғалар болған сайын қосымшаны жаңартып отыратынын айтты.  

Хабарламаларға жазылу