Бүгін Астанада Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Әкім Тарази кітап топтамасын сыйға тартты.
Жазушы Әкім Тарази студенттік жылдарынан кітаптар жинай бастаған. Әр жылдарда жазушы кітапханасы әдебиеттермен, ең алдымен, көркем туындылармен және тарих, философия, тіл білімі бойынша ғылыми-танымдық еңбектермен толықтырылды. Сыйға тартылған топтамалар – 979 кітап.
Топтаманың басым бөлігі қазақ ақын-жазушыларының, көрнекті қоғам және саясат қайраткерлерінің шығармаларынан, Қазақстан тарихы, мәдениеті туралы кітаптардан тұрады. Сондай-ақ, мұнда шетел әдебиеттері де ұсынылды. Топтамаларға қосымша Әкім Таразидың мемориалды экспонаттары: жазу үстеліне арналған жиынтық, плакат, баспа машинасы, папка және жазу құралы да бар.
Әкім Үртайұлы топтамаларын ҚР Ұлттық академиялық кітапханасына беруінің бір негізі бар, себеп кітапхана ұжымы мен белгілі қаламгердің бірнеше жылдан бері шығармашылық байланыста болуы.
2007 жылдан бастап Әкім Үртайұлы «Бір ел – бір кітап» акциясын ұйымдастыру комитеті төрағасының орынбасары. Сондай-ақ қаламгер кітапханада өткізілген іс-шаралардың құрметті қонағы болып келді. Бұдан әрі жазушы кітап топтамалары көпке қолжетімді болып, оқырмандардың белсенді пайдалануына жағдай жасалғанын қалайды.
Кітапханадағы Ақпараттық-библиографиялық сервис қызметінің мамандары Әкім Таразидың шығармашылығы бойынша биобиблиографиялық көрсеткіш әзірледі, көрсеткішке «Әкім Таразидың биографиясы», «Тарази туралы ойлар», «Әкім Таразидың шығармалары», «Әкім Таразидың мерзімді басылым беттерінде жарық көрген мақалалары» (1969-2015 жж.), «Әкім Таразидың драматургиясы», «Әкім Тарази шетел дерккөздерінде», «Әкім Таразидың аудармалары», «Сценарий авторы – Әкім Тарази», «Әкім Таразидың өмірі мен шығармашылығы туралы», «Электронды ресурстар» атты бөлімдер, сондай-ақ жазушы туралы Интернет ресурстар да кірістірілген.
Басылым әдебиеттанушы ғалымдарға, ЖОО мен мектеп оқытушыларына, студенттерге, оқушыларға, кітапханашыларға, сондай-ақ, Әкім Таразидың өмірі мен шығармашылығын зерделейтін оқырман қауымға арналады.
Топтамалардың ашылу салтанатына орай, Әкім Таразидың өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды. Салтанатты шараға еліміздің зиялы қауым өкілдері және оқырмандар қатысты.