Елордалық мектептерде тұмау мен ЖРВИ алдын алу шарасы өтуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордалық мектептерде тұмау мен ЖРВИ алдын алу шарасы өтуде

04.02.2016
Елордалық мектептерде тұмау мен ЖРВИ алдын алу шарасы өтуде

Жоспарға сәйкес, білім беру ұйымдарында тұмау мен жіті респираторлық вирусты инфекцияның алдын алу шаралары қолға алынды.

Елордалық білім беру ұйымдарында тұмаудың алдын алу және оның таралуын болдырмау мақсатында санитарлық посттар ұйымдастырылып, ЖРВИ мен тұмаудың алдын алу бойынша ақпараттық бұрыштар жасалды, науқастанған балаларды тіркеу журналы жүргізіліп, күн сайынғы ақпарат Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жіберіледі, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Қаңтар айының соңындағы жағдай бойынша, тұмау мен ЖРВИ-ге шалдыққандар саны 2156 құрады, соның ішінде 1132-і оқушы, 1012-і мектеп жасына дейінгі балалар және 12-і студент.

Мектептерде ата-аналар жиналыстары өткізіліп, мамандар жұқпалы аурулардың таралуының алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жалпы білім беретін мектептерде 2-9 сынып оқушылары арасында валеология сабағында жазбаша жұмыстар жүргізіліп, ЖРВИ мен тұмаудың алдын алу бойынша бейнероликтер көрсетілді.

Айта кетейік, Астанада ЖРВИ мен тұмау бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты, мектептерде карантин жоқ. «Тұмау» диагнозы зертханалық қорытындыдан кейін ғана қойылады.

Еске салайық, Астанада 180 мемлекеттік білім беру мекемесі бар, соның ішінде 83 жалпы білім беретін мектеп (113 376 оқушы), 85 балабақша (34 454 бала), 12 колледж (11785 студент).

 

Хабарламаларға жазылу