«Қазақстан» телеарнасы мен Вьетнам телевизиясы арасында өзара түсіністік туралы меморандум қабылданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақстан» телеарнасы мен Вьетнам телевизиясы арасында өзара түсіністік туралы меморандум қабылданды

05.02.2016
«Қазақстан» телеарнасы мен Вьетнам телевизиясы арасында өзара түсіністік туралы меморандум қабылданды

Меморандум - өзара байланыстарды арттыру, екі ел азаматтарының арасындағы ынтымақтастықты жетілдіру, телевизия саласында бірлескен іс-шаралар бойынша қарым-қатынастарды нығайту,  телевизиялық жобалар өндірісі мен авторлық және аралас құқықтарды қамтамасыз ету бойынша  тәжірибе алмасу мақсатын көздейді.

Аталған құжат аясында бірлескен жобаларды жүзеге асыру жолдарын қарастыру, тәжірибе алмасу, авторлық және аралас құқықтарды қорғау мәселелері қарастырылған.

Ханойда Қазақстанның Вьетнамдағы елшісі Бекетжан Жұмаханов пен Вьетнам телевизиясының президенті Чан Бинь Миннің кездесуі өтті. Оның барысында Вьетнам тарапы аталған меморандумға қол қойып, оны Қазақстан тарапына берді.

Кездесу аясында Вьетнам тұрғындарын қазіргі Қазақстан  туралы мәліметтерден қанықтыру мақсатында, еліміздің әлеуметтік-экономикалық өзгерістері, «Нұрлы жол» мен «100 нақты қадам» бағдарламалары бойынша атқарылып жатқан шаралар және елді жаңғырту мен индустрияландыру жөніндегі маңызды деген мәселелер сөз болды.

Қазақстан елшісі Б.Жұмаханов бұқаралық ақпарат құралдарының Қазақстан мен Вьетнам арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды нығайту мен екі ел халқының достық байланыстарын дамытуда маңызды рөл атқаратындығын атап өтті. «Қазақстан елшілігі болса, телевизиямен белсенді жұмыс істейді және ақпараттық ынтымақтастыққа барынша көңіл бөлуде»,-деді елші.

Өз кезегінде Вьетнам Ұлттық арнасының президенті Чан Бинь Минь қазақстандықтардың да Вьетнамның әлеуметтік-экономикалық жетістіктері мен осы елдің мәдениеті мен туристік әлеуеті туралы білгендері маңызды екендігін айтты. Бұған қоса, ол жақын арада Қазақстанға келуге ниетті екендігін жеткізді. Сонымен қатар, ол екі мемлекетте және халықаралық деңгейде болып жатқан жаңалықтар жөнінде тікелей хабар тарату мақсатында вьетнамдық журналистердің Қазақстандағы ал, қазақстандық тілшілердің Вьетнамдағы қызметтерін белсендендіру қажеттігіне тоқталды.  

Хабарламаларға жазылу