«Астана Опера» театрында «Орфейдің оралуы» атты концерт өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Астана Опера» театрында «Орфейдің оралуы» атты концерт өтеді

07.02.2016
«Астана Опера» театрында «Орфейдің оралуы» атты концерт өтеді

«Астана Опера» театры қала тұрғындары мен қонақтарының назарына аспапты және вокалды ескі музыка ұсынады. 10 ақпанда, сағат 19:00-де театрдың Камералық залында «Орфейдің оралуы» атты концерті өтеді.

Кеш бағдарламасына Г.Ф.Гендельдің скрипка мен фортепианоға арналған №2 сонатасы, И.С.Бахтың «Чаконасы» мен «Ариозосы», Л.Боккеринидің виолончельге арналған сонатасы, П.Локателлидің сонатасы, Б.Марчеллоның флейта мен гитараға арналған сонатасы сияқты ескі камералық шығармалар кіреді.

Ал, оларды  музыкант-аспапшылар - ҚР Еңбек сіңірген әртісі Мақпал Бекмағамбетова (скрипка), халықаралық конкурстардың лауреаттары - Асқар Мұқанов (виолончель), Жібек Сапарғалиева (флейта), Жәнібек Сапаров (гитара) ұсынады.

Роза Нүркей, Елена Низамутдинова, Елена Ганжа (сопрано), Салтанат Мұратбекова, Татьяна Вицинская (меццо-сопрано) және Нарұл Төйкеновтердің (тенор) орындауында И.С.Бах, Г.Ф.Гендель, Д.Скарлатти және басқалардың ариялары шырқалады.

Салтанат Мұратбекова К.В. Глюктің «Орфей және Эвридика» операсынан Орфейдің екі ариясын ұсынады.  Сирек кездесетін колоратуралық меццо-сопрано дауысының иегері классикалық және барокколық опералық шығармалардың басты партияларын Италияның үздік сахналарында орындаған. 

Фортепиано партиясын халықаралық конкурстардың лауреаттары Раушан Бескемпірова мен Гауһар Таспергенова орындайды.

 

astanaopera.kz 

Хабарламаларға жазылу