«Таңшолпан» бағдарламасы жариялаған «Батыр ана» байқауының кезекті қатысушысы – Жазира Молдабаева. Ол Астана қаласындағы Ғали Орманов атындағы №7 мектеп-гимназиясының математика пәні мұғалімі.
10 жыл бойы осы білім ордасында қызмет атқарып келе жатқан ұстаз оқушыларының математиканы жетік меңгеріп, үздік оқитынын мақтан тұтады.
Алдына келген әр оқушыны балам, деп білетін ол сабақ аяқталысымен үйіне қарай асығады. Себебі, онда 5 бірдей асықтай ұлдары күтіп отыр.
Ал, отағасы Арман жұмыс бабымен іс-сапарда жүргенде анасына қолғабыс ететін бес ұлы бес түрлі маман иесі болғысы келеді.
Ұлдардың бірі Нұрсұлтан: «Бала кезімнен футбол ойнағанды жақсы көремін. Таэквондомен айналысамын. Спортқа жақынмын. Үйде бес ұлмыз. Үй жинап, ыдыс жуып, анамызға көмектесеміз. Енді бізге қарындас керек»,-дейді.
Жасы 38-де болса да, алтыншы баласын дүниеге әкелуге дайындалып жүрген Жазира ұлдарының қамқор, нағыз ер-азамат болып ержетіп келе жатқанына қуанады.
Толығырақ «Таңшолпаннан» көре аласыздар.