Үш елордалық спортшы күрестен Азия чемпионатынан олжалы оралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үш елордалық спортшы күрестен Азия чемпионатынан олжалы оралды

22.02.2016
Үш елордалық спортшы күрестен Азия чемпионатынан олжалы оралды

Грек-рим күресінен елордалық балуан Досжан Картиков «алтын» алса, «Нұрлан Бекжанов пен Айым Әбділдина еркін күрестен «күміс» еншіледі. Қазақстан құрамасы жалпы есепте бірінші командалық орын алып, Иран мен Қытайды артта қалдырды. Қазақстандықтар екі алтын, жеті күміс және сегіз қола медальға қолжеткізді, деп хабарлады astana.gov.kz.

Еске салайық, 75 кг дейінгі салмақ дәрежесінде күш сынасқан Д. Картиков алғашқы күні-ақ жанкүйерлерін қуантты. Ақтық сында елордалық спортшы өзбекстандық Д. Турдиевтен басым түсті. Қарсыласына ешбір мүмкіндік бермеген Досжан жекпе-жекті 4:0 есебімен аяқтап, жеңіс тұғырына көтерілді.

Биылғы Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері, еркін күрес стилінің балуаны Нұрлан Бекжанов 65 кг дейінгі салмақ дәрежесінде шеберлік байқатып, өз жетістігін тағы да қайталады. Ирак пен Қытай спортшыларынан айласын асырған Нұрлан ақтық сында ирандық спортшыға есе жіберіп алды. Тағы да бір «күміс» 58 кг дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен аруымыз Айым Әбділдинаның еншісінде. Спортшы финалда қырғызстандық балуаннан жеңіліп қалды.

Айта кетейік, жарысқа Азияның 20 мемлекетінен 270 жуық спортшы қатысты.

 

Хабарламаларға жазылу