Филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, жамбылтанушы Уәлихан Қалижан бүгін «Таңшолпанға» сұхбат берді.
«Жамбыл Жабаевты әр кезеңнің көзімен қарап, сараптап, сипаттап отыру керек. Кеңестік дәуірдегі сыр-сипатты зерттеу бір бөлек. Ол кездегі барлық идеология Жамбылдың саяси жылдарына қарай ауды. Ал, оның революцияға дейінгі шығармашылығына, айтыс өнеріндегі қалыптастырған үлкен мектебіне назар аударыла бермеді.
Ал, Тәуелсіздік алғаннан кейін Жамбылдың шығармашылығына Тәуелсіздік көзбен қарап, ұрпаққа жеткізу үлкен міндет болып қалды. Сондықтан да, мен Жамбыл бабамыздың шығармашылығына байланысты біраз зерттеулер жүргіздім»,-дейді ғалым.
«Біз «Ұлы дала тұлғалары» деген 5 кітап шығардық. Соның бірі Жамбыл бабамыз туралы. Мұнда ұлы тұлғаның өмірі, шығармашылығы әдеби, ғылыми бағытта жазылды».
«Кешегі зобалаңды, ұлт-азаттық көтерілістің зарбадын көрген адам үшін теңдік, бостандық, білім деген ұғымдар жүрегіне жақын келеді. Сондықтан да, ол Кеңес Одағын қабылдады. Жамбыл оны «қазақтың басына келген жақсылық», деп түсінді.
Бұл үшін Жамбылға тиісіп, коммунистік партияны жырлады деп жазғыруға болмайды. Негізгі мәселеге сол кезеңдердегі тарихи кезеңнің көркем бейнесі қалай жасалды, деген тұрғыдан келу керек.
Оның сол уақыттағы жырларының соңында қарапайым адам, қазақ еңбекшісі, қазақтың ұл-қызы тұр. Мұның бәрі Жамбылдың үлкен саяси мектептен өткенін көрсетеді»,-дейді Уәлихан Қалижан.
Сұхбаттың толық нұсқасын «Таңшолпаннан» көре аласыздар.