2015 жылы Қазақстанның ресми автодилерлері 97 мың автокөлік сатқан. Бұл 2014 жылмен салыстырғанда, 40 пайызға төмен көрсеткіш. Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан автокөлік форумының барысында Қазақстан автобизнес қауғымдастығының президенті Андрей Лаврентьев мəлім етті.
«2015 жылы Қазақстандағы ресми автодилерлер 97 мың автокөлік сатқан. Бірақ, бұл 2014 жылмен салыстырғанда 40 пайызға төмен көрсеткіш. Сондай-ақ, былтыр Қазақстанда 14 мың автокөлік құрастырылған»,-деді форум барысында А.Лаврентьев.
Оның айтуынша, ресми дилерлердің көрсеткіші рубльдің құнсыздануына орай, халық жаппай Ресейден автокөлік сатып алғандықтан, күрт төмендеген.
«Жалпы, автокөлік нарығы жалпы ішкі өнімнің өсуімен ілесіп жүреді, ал, Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 2015 жылы өскен. Алайда, жоғарыда айтқанымдай, Ресей рублінің құнсыздануына жəне теңгеге шаққанда тиімді болғанына байланысты, біздің нарыққа сырттан импорт кіріп кетті. Алайда, Қазақстан Үкіметі автокөліктерді төмен пайызбен несиелеудің арқасында жағдайды біршама ретке келтірді. Қазір Ресейден тасымалданатын көлік 3 пайызға дейін тоқтады», - деп түсіндірді сарапшы.