Анкарада «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, көрнекті мемлекет қайраткері, ғалым, публицист Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойына арналған «Алаштың Әлиханы» атты халықаралық конференция өтті. Осы конференцияға қатысып қайтқан жазушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, алаштанушы Тұрсын Жұртбай бүгін «Таңшолпанда» қонақта болып, шара жөнінде ой бөлісті.
«Әлихан Бөкейхан – қазақ әлеуметтік қоғамының ғана емес, түркі дүниесінің саяси-қоғамдық ойының дамуына үлес қосқан тұлға. Ұлт көсемі деп таныған Әлихан Бөкейхан Кеңес кеңістігіндегі 75 жылдың ішінде, жалпы түркі дүниесінде оның аты өшкен жоқ.
Әлекеңнің туғанына 150 жыл толуына орай өткен «Алаштың Әлиханы» атты халықаралық конференцияға Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия, Түркменстаннан келген мамандар қатысты.
Шарада жалпы түркі дүниесінің XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басындағы саяси, қоғамдық, әскери, тәуелсіздік жолындағы күрестері жан-жақты талқыланды. Сондай-ақ, бұған Әлихан Бөкейханның ерекше үлес қосқаны, оның біртұтас Алаш идеясы туралы тұжырымының әлі де маңызын жоймағаны айтылды».
Сұхбаттың толық нұсқасын «Таңшолпаннан» көре аласыздар.