«Қазақстан» Ұлттық телеарнасы мейірімділік пен ізгіліктің үлгісіне айналған нәзік жандыларды марапаттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақстан» Ұлттық телеарнасы мейірімділік пен ізгіліктің үлгісіне айналған нәзік жандыларды марапаттады

10.03.2016
«Қазақстан» Ұлттық телеарнасы мейірімділік пен ізгіліктің үлгісіне айналған  нәзік жандыларды марапаттады

Концерт тек әйелдер қауымына ғана арналған жоқ. Ол сонымен қатар, өмірдің қызығы мен қуанышы қатар жүретін шым-шытырық жолдарында жақсылықтың жаршысы, мейірімділік мен адамгершіліктің үлгісі болған нәзік жандарға арналды.

Концерттің әрбір қойылымы осындай әйелдердің мейрімділікке толы ізгі әрекеттерін баяндайтын бейнероликтермен сүйемелденіп отырды. Осы шарада қалың көпшіліктің назарына ұсынылған, өмірлік жолы үлгі боларлық жандардың бірі - Марал Хамзина. 

Марал Хамзина – авиация саласында 17 жыл еңбек еткен.  Ол 18 жасында кезекті рейстердің бірінде адам өмірін құтқарып қалған әскери ұшақтың алғашқы әйел жолсерігі. Мерекелік шарада көрерменнің назарына ұсынылған ізгі жандардың бірі - Дариға Қазбекова. 3 баланың анасы сирек ауруға шалдыққан баланы өз қамқорлығына алып, оны «Нұр-Орда» қазақ-түрік лицейіне оқуға түсірді. Аружан Бисенбаева болса өзінің тым жастығына қарамастан, екі інісі мен сіңлісін өрттен құтқарып қалды.  Екатерина Кузнецова 30 жыл бойы Карлагты зерттеумен айналысты. Ол өзінің зерттеу жұмыстарының барысында көптеген адамдардың репрессияға ұшыраған туған-туыстарын табуға қолғабыс етті.

Гүлмира  Батпақұлова – «Арба» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, мүгедек жандардың құқықтарын қорғаумен айналысады. Гүлдара Нұрымова – «Армандар орындалады» қайырымдылық жобасының жетекшісі. Жамбыл облысын мекендеген 2 мыңнан астам баланың армандарының орындалуына септігін тигізді. Осы жобаның аясында 100-ден астам жетім, мүгедек балаларға, сондай-ақ жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсетілді.

Кәмилә Шоқанова бала кезінде дәрігерлердің салғырттығынан церебралды сал аурына шалдыққан.  Өзінің ерік-жігерінің арқасында ол ауруымен табанды түресіп,  аяғынан тік тұрды. Кәмиланың өмірге деген құштарлығы мен  қайсарлығы, сөз жоқ, өзгелерге үлгі. Ол адам шын талпынып, жақсылыққа ұмтылса қандай да болса да қиындықты жеңуге болатындығын дәлелдеді. Қазіргі уақытта Кәмилә йогамен, дизайнмен, журналистикамен айналысып, ағылшын, испан тілдерін меңгеріп қана қоймай, сал ауруына шалдыққан адамдарға көмек қолын созады.

Осы мерекелік кеште «Қазақстан» РТРК Басқарма төрағасы Нұржан Мұхамеджанованың атынан бірқатар азаматтарға алғыс хаттар табыс етіліп, әйелдердің қоғам алдындағы жетістіктері ерекше аталып  өтті.

Мерекелік кеш қуанышты сәттер мен сезімге толы болды. Бұл жандардың өмірі мен тағдыры залда отырған әрбір көрерменнің жүрек қылын тербеткені сөзсіз.

Кеш барысында Димаш Құдайбергенов, Айгүл Қосанова, Гүлнұр Оразымбетова, Роза Әлқожа, Марат Омаров, Ақбота Керімбекова, ағайынды Жүгінісовтер және тағы басқа эстрада жұлдыздары қалың көрерменді әсем әндерімен тәнті етті.   

Әншілер аналарымен, әжелерімен, балаларымен қосылып ән шырқап, ерекше әзірленген музыкалық бағдарламаларын да ұсынды. Мерекелік концерт «Шын жүректен» бағдарламасының әнұранын бірлесіп орындаумен аяқталды.

Естеріңізге сала кетейік, «Қазақстан» телеарнасы өмірдің ауыртпалығын көріп, тағдырдың тәлкегіне түскеніне қарамастан, күн сайын жақсылық жасап, осы өмірді қуанышқа бөлейтін жандар туралы сыр шертетін «Шын жүректен» әлеуметтік-қайырымдылық бағдарламасын бірнеше жыл қатарынан ұсынып келеді.

Осындай жобалардың арқасында «Қазақстан» ұлттық телеарнасы адамдарға қол ұшын созып, мейірімділік пен үлкен жүректің жаршысы болған тұлғаларды қоғамға паш етпек. 

Хабарламаларға жазылу