Қазақстанда жетім, асыраушысынан айырылған балалардың республикалық мәліметтер базасы құрылады. Бұл жүйе жеткіншектердің құқықтарын қорғау мәселелерімен айналысатын мемлекеттік органдар, орталықтар мен Қазақстанның шетелдік мекемелерімен ақпараттар алмасуға мүмкіндік береді.
Мұндай мәліметтер базасын құруға 2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджеттен 280 миллион теңге қарастырылған. Бүгін Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында тиісті заң жобасы талқыланды. Құжат негізінен еліміздегі балалар үйлері мен интернат тәрбиеленушілерінің санын азайтуды мақсат етеді. Бұл ретте жетім және асыраушысынан айырылған балаларды қазақстандық азаматтар отбасына беру жолдарын жетілдіру, ондай санаттағы балалар бойынша мәліметтер базасын құру, соның көмегімен балалардың кейінгі өмірлерін бақылау көзделеді.