Шымкентте 1 мамырдан бастап автобустарда жолақы қымбаттайды. Қалалық мәслихат сессиясында белгілі болғандай, депутаттар қоғамдық көлікте жолақы тарифін көтеру туралы жолаушы тасымалдаушылардың ұсынысын қолдады, деп хабарлайды otyrar.kz. Енді шымкенттіктер автобусқа 50 теңгенің орнына 70 теңге төлейтін болады.
Депутаттар жеңілдікпен жол жүретін адамдар санатын да талқылады. Сонымен Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері, Ерен еңбегі үшін медалімен марапатталған тыл еңбеккерлері, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» белгілерін алған көпбалалы аналар тегін жүреді. Қаланың Құрметті азаматтары да тегін жүреді. Студенттер 50 теңге, 15 жасқа дейінгі балалар - 35 теңге төлейді.
Еске салсақ, Шымкентте соңғы рет жолақы 2012 жылы көтерілген. Бүгінге дейін шығынға батқан жолаушы тасымалдаушы компаниялар тарифті өсіру жайлы бірнеше рет мәселе көтерген.