Шымкенттегі облыстық орталық мешітте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы «Ғұламалар кеңесінің» кезекті мәжілісі өтті, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Еліміздегі «Дін және тарих тағылымы» жылы аясында өткен үш күндік семинарға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, кеңес жетекшісі, Бас мүфти Е.Маямеров арнайы қатысып, аймақтағы имамдарға дәріс берді. Семинарға облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр, наиб мүфти Серікбай қажы Ораз, Ғұламалар Кеңесінің мүшелері, республикадағы медреселердің ұстаздары мен облыстағы 800-ден астам мешіттің имамдары қатысты.
Жиында облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр сөз алып, өңірдегі дін саласында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, оқу-ағарту бағытында қолға алынған жоспарлармен бөлісті. Өз кезегінде Бас мүфти өңірде ислам мәдениетін жетілдіру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды оң бағалап, жергілікті имам-молдаларға сіңіріп отырған еңбектері үшін алғыс айтты.
Оңтүстік Қазақстан облысына жасаған сапары барысында Ержан қажы Малғажыұлы бастаған «Ғұламалар кеңесі» өңір басшысы Б.Атамқұловпен кездесіп, орталық мешіттің ауласына ағаш көшеттерін екті.