Биылғы жылдың екінші тоқсанында министрлер, ал үшінші тоқсанда ұлттық университеттердің ректорлары халық алдында есеп береді. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия мүшелерінің баспасөз мәслихатында ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Асқар Бейсенбаев мәлімдеді.
«Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру бойынша реформалар аясында маңызды шаралар қабылданды. Біріншіден, мемлекеттік жоспарлау бойынша оңтайландыру жүзеге асырылды.
Түрлі деңгейдегі сегіз бағдарлама жойылып, бес салалық бағдарлама үкіметтік негізде қайта бекітілді. Барлық министрліктер мен әкімдіктерде жаңа заңнамалық негізде үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен қоғамдық кеңестер құрылып жатыр.
Олар мемлекеттің саясатын жасап, жүзеге асыруда бүкілхалықтық бақылаудың тетігіне айналуы тиіс», - дейді А.Бейсенбаев.
Бұдан бөлек, оның айтуынша, мемлекеттік органдардың қызметін бағалаудың жаңа жүйесі жұмыс істей бастады.
«Мемлекеттік органдар, әкімдер, ұлттық университеттердің басшылары жыл сайын халық алдында есеп беретін тәжірибе енгізілді. Бірінші тоқсанда барлық әкімдер есеп берді. Биылғы жылдың екінші тоқсанында министрлер, ал үшінші тоқсанда университеттердің ректорлары есеп береді», - деді ол.