Қызылорда қаласы аумағында заңсыз салынған құрылыс нысандары бұзылатын болады. Бүгінде бұл жұмысқа арнайы мобильдік топ құрылып, белсене кірісіп кетті. Жалпы облыс орталығында осындай 658 дерек тіркеліп отыр.
Әл-Фараби мөлтек ауданындағы заңсыз салынған мына үйдің іргетасын алып техника әп-сәтте бұзып, орнын тегістеп тастады. Себебі, тексеру барысында жер телімі иесіз деп танылып, тиісті құжат рәсімделмегені анықталып отыр. Енді арнайы мобильді топ күнделікті жер қатынасы заңдылықтарын сақтамаған осындай құрылыс нысандарын жоюға білек сыбана кіріспек.
«Қазіргі таңда 658 заңсыз құрылыс анықталған. Оның ішінде 53 іргетасы қаланған фундаменті құйылған құрылыстар анықталып отыр. Және 268 үйдің меншік иелері анықталды. Қазір заңсыз салынған меншік иелері анықталмаған құрылыстарды бұзу процедуралары жүріп жатыр. Мұның барлығы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қала тұрғындарына жария етілген. Бұл жұмыс жыл бойы жалғасатын болады», дейді қалалық жер қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Еркебай.
Жер дауына қатысты заңсыздықтар көбіне қаланың шет аймақтарына тиесілі. Жер телімін заңсыз иемденіп, тұрғын үй салғандардың басым бөлігі алаяқтардың арбауына түсіп, алданып қалғандар. Қазір мұндай деректерге қатысты ішкі істер органдары тергеу-тексеру амалдарын жүргізуде.
Заң тұрғысынан алғанда жергілікті биліктің жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтарып алуына толық құқылы. Тексеру барысында қала аумағында заңсыз салынған тұрғын үйлерде 300-ге жуық отбасы тұратыны анықталып отыр. Мәселен, қаланың шет аймағындағы әл-Фараби ауданында бой көтерген тұрғын үйлердің басым бөлігі заңсыз салынған дейді мамандар. Ал, бұл үйлердің тағдыры енді сот шешіміне тікелей байланысты.
Ә.Жақанов, Н.Нұрмахан