Алматыда заңсыз салынған қоршаулар алынып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда заңсыз салынған қоршаулар алынып жатыр

01.04.2016
Алматыда заңсыз салынған қоршаулар алынып жатыр

Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, Алматы қаласындағы Бостандық ауданының жергілікті полицейлері жыл басынан бері 682 заңсыз қоршауды алған.

Тәртіп сақшылары жақында күндері осындай кезекті рейдтердің біріне шықты. Оның барысында Бостандық ауданы ішкі істер басқармасының табиғатты қорғау полициясы мен жергілікті полиция өкілдері бірлесіп, аула аймақтарына орналастырылған шынжырлар, темір қоршаулар, бағандар мен шлагбаумдарды алып тастады.

«Тұрғындар өздерінің көліктерін қоятын орын таппаған соң балалар алаңы, көгалдар мен тротуарлар сияқты көпшіліктің қолдануына арналған аймақтарды қоршап алады. Бұл заңсыз әрекет. Яғни, мұндай қадамға барған азаматтар «Қалалар мен елді мекендерді абаттандыру тәртібін» бұзған болып есептеледі. Заң бұзған азаматтарға 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ал, заң бұзған шағын кәсіпкер немесе коммерциялық емес ұйым болса оларға 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, орта кәсіпкерлік нысаны болса 40 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Егер ірі кәсіпкер осындай заңсыз әрекетке барса, оған 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады»,-дейді Бостандық аудандық ішкі істер бөліміне қарасты  табиғатты қорғау полициясы қызметінің бастығы Қуаныш Жайсанбаев. 

Рейд барысында тәртіп сақшылары пәтер иелері кооперативтерінің өкілдерімен әрбір аулаға кіріп, онда орын алған олқылықтарды анықтады. Тұрғындар бұл қадамға қолдау көрсетіп отыр. Ал, заң бұзған азаматтарға ескерту жасалды.

Бір күннің ішінде тәртіп сақшылары 68 қоршауды алып, әкімшілік құқықбұзушылық туралы 26 хаттама толтырылды.

Хабарламаларға жазылу