Жамбыл облысындағы елді мекендердің мәдениет мекемелері заманауи талаптарға сай бола бермейді, деп санайды облыстық мәслихат депутаттары.
Депутат Дария Қожамжарованың айтуынша, облыстағы 377 елді мекеннің жартысына жуығында клубтар жоқ.
Бұдан басқа, облыстағы 199 мәдениет үйі мен клубтың 38-і бейімделген ғимараттарда орналасқан, 25-і күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуін талап етіп отыр, 109-ы пеш арқылы жылытылады.
Облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаевтың атап өтуінше, мәдениет саласын дамыту бағдарламасын іске асыру барысында қойылған барлық міндеттер шешілген жоқ, аймақта клубтар, кітапханалар, бос уақытты өткізу орталықтары жоқ елді мекендер әлі де бар. Бұл ретте мекемелердің көбі заманауи талаптарға сай келмейді, жөндеу жұмыстарын өткізуді, жабдықтарды сатып алуды талап етіп отыр.
Қордай ауданында саман кірпіштен салынған жергілікті мұражай апатты жағдайда тұр. Ондағы 180 шаршы метр аумақта мәдени және ғылыми құндылығы бар 2600 экспонат сақтаулы тұр.
ҚазАқпарат