Мемлекет басшысы АҚШ-тың Энергетика министрі Эрнест Монизді қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы АҚШ-тың Энергетика министрі Эрнест Монизді қабылдады

07.04.2016
Мемлекет басшысы АҚШ-тың Энергетика министрі Эрнест Монизді қабылдады

Кездесу барысында энергетикалық қауіпсіздік, мұнай-газ индустриясы, электр энергетикасы және қоршаған ортаны қорғау салаларындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері қарастырылды.

Сондай-ақ, тараптар энергетика саласын дамытудағы басты трендтерді, мұнай бағасын қалыптастыруға ықпал ететін негізгі факторларды, дәстүрлі энергия көздерінің орнын басатын жаңа энергия түрлерін пайдалану перспективаларын талқылады.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев пен Э.Мониз еліміздің энергетика секторына Америка компанияларының қатысу аспектілерін, Қазақстанда «жасыл» энергияны пайдалану аясын кеңейту жөніндегі жоспарларды, ядролық энергетикадағы жаңа технологиялар мен жаңғыртылатын энергия көздерінен энергия өндіруге жұмсалатын шығындар жайын да сөз етті.

Ядролық қауіпсіздік тақырыбына арнайы назар аударылды, бұл мәселе бойынша екі ел арасындағы өзара ынтымақтастық нығайып келеді. Қазақстан мен АҚШ ядролық материалдар қауіпсіздігін арттыру, жоғары байытылған уранды қолдану аясын тарылту бағытында бірлесе жұмыс жүргізуде. Сондай-ақ, Иранның ядролық бағдарламасы жөніндегі келісімге қатысты мәселелерді шешу ісіне қосқан Қазақстанның елеулі үлесі атап өтілді.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен АҚШ арасында барлық бағытта серіктестік қарым-қатынас орнағанын, соның ішінде энергетика саласындағы жұмыс бірқатар екіжақты құжаттар аясында жүріп жатқанын айтты.

Э.Мониз біздің елде өткен келіссөздердің жемісті болғанына назар аударды және кездесуде айқындалған барлық мәселелер бойынша Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықтың бұдан әрі жалғаса беретініне сенім білдірді.

Хабарламаларға жазылу