Қазақстанда жасалған робот Сингапурдағы конференцияда көрсетіледі (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда жасалған робот Сингапурдағы конференцияда көрсетіледі (ВИДЕО)

11.04.2016
Қазақстанда жасалған робот Сингапурдағы конференцияда көрсетіледі (ВИДЕО)

Қазақстандық техниктар робот шасап шығарды. Жоба авторлары «Echelon KZ Qualifier» технологиялық конференциясында ұсынылған үздік 5 жұмыстың қатарына кірді. Енді олар Сингапурда өтетін «Echelon Asia Summit 2016» конференциясына қатысады.

«Барлығы 8 ай бұрын талантты роботехник Марат Даировпен таныстықтан басталды. Сол кезде біз «әрбір үйге бір робот» идеясына қызығып, жан-жақты талқыладық. Оның бағдарламалық жасақтамасына Илья Сидорович жауапты болды», - дейді қазақстандық робот авторларының бірі әрі жасаушысы Диас Нұрғожин.

«Біз роботымызды жетілдіріп келеміз. Бұл оның 5-ші нұсқасы. Оған біз 8 миллион теңге инвестиция құйдық. Қазіргі таңда техника мобильді қосымшада видео көрсетеді. Сонымен қатар, ол дыбыс қабылдайды және «сөйлей» алады», - деп жалғады сөзін Диас.

Авторлардың айтуынша, робот бала бағуда таптырмас құрал. Себебі ол ата-ана үйде жоқ болғанда кішкентай балалармен қалып, ойын ойнап, көңілін аулайды. Сонымен қатар, Balbo үйді күзетіп, қауіп төңген кезде полицияға хабарласып, болып жатқан жағдайды видеоға түсіре алады.

Диас Нұрғожиннің хабарлауынша, қазақстандық жастар Сингапурға бармақ. Олар оған дейін екі робот жасап, программалық жасақтамасын жетілдірулері тиіс.

«Біз Сингапурда инвестиция тартуға және робот өндірісін жолға қоюға мүмкіндік аламыз. Мақсатымыз – әлемдік нарыққа шығып, инновациялық зерттеулермен айналысатын технологиялық компания құру. «Balbo» роботы – біздің алғашқы өнім. Жоспарымызда тағы 5 инновациялық өнім жасау бар. Осыған қоса, 2 миллонға жуық инвестиция тартамыз деген оймыз бар», - дейді Нұрғожин.

Айта кетейік, Сингапурдағы «Echelon Asia Summit 2016» конференциясында Азияның стартап-жобалары ұсынылатын көрмесі өтеді. Оған ірі венчурлық фондтар да қатыспақ. Олардың арасында өзінің сәтті инвестицияларымен танылған «Sequoia Capital» бар. Мысалы,  олар кезінде Cisco, Google, Yahoo, PayPal, Youtube, LinkedIn, Dropbox, Stripe, Square, Airbnb, WhatsApp, Instagram сияқты стартаптарға ақша құйған еді. Енді қазақстандық робот жасаушылар да Сингапурда өздерінің өнімдерін венчурлық фондтарға таныстырмақ. 

 

Хабарламаларға жазылу