«Жарасымды жұп» байқауының кезекті қатысушылары Махамбет пен Алуаның танысу тарихтары өте қызық.
Алуа ұялы телефонына бірлік саламын деп, шатасып өзге нөмірге салып жібереді. Ол ақша Махамбеттің телефонына түседі. Қайтарып беруін сұрап, түбіртектегі нөмірге қоңырау шалғанда, жас жігіт уақыты жоқ екенін айтып, тұтқаны бірден қоя салады.
Алуа ашуға берілсе де, тиісті бірлігін қайтарып ала алмайды.
Дәл осы күні олар жеделсатыда кездесіп қалады. Жігіт қыздың нөмірін сұрап, таныспаққа ниет еткенде, жоғарыдағы «бірлік дауы» есіне түседі.
Сол күннен басталған таныстық сыйластыққа, сыйлыстық тәтті махаббатқа ұласады.
Бүгінде олардың отасқандарына бір жыл өтті. Қазір елорда іргесін қалауға атсалысып жүрген жас отбасылардың бірі.
Жарасымды жұптың махаббат баянына «Таңшолпан» арқылы куә болыңыз.