Сәрінжіпов Аслан Бәкенұлы 1974 жылы 17 сәуірде туған. Экономика ғылымдарының кандидаты, жоғары білімді әкімшілендіру саласындағы Пенсильвания Университетінің докторы (АҚШ).
Қазақ мемлекеттік экономикалық университетін, Оклахома университетін (АҚШ), Вена дипломатиялық академиясын тәмамдады. Сонымен қатар, Гарвард университеті Кеннеди атындағы мемлекеттік саясат мектебінде тағылымдамадан өткен.
1996 жылы еңбек жолын Орталық Азия мемлекетаралық кеңесі Атқарушы комитетінің референті болып бастайды. 1997 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің орталық аппаратына ауысты. 1998-2002 жылдары Қазақстанның АҚШ-тағы Елшілігінде экономикалық мәселелер жөніндегі атташе қызметін атқарды (Вашингтон).
2002-2007 жылдары Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша инфрақұрылымдар, қаржылық нарық және білім мәселелері жөніндегі жоба үйлестірушісі болды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуге қатысты.
2007-2009 жылдары ҚР Үкіметінің және Ұлттық банктің жанындағы «Ұлттық талдау орталығы» АҚ Басқармасы төрағасының орынбасары қызметін атқарып, экономикалық даму, қаржы және білім салаларына жетекшілік жасады. 2009-2013 жылдары - Назарбаев университеті дербес білім беру ұйымы Атқарушы кеңесінің төрағасы болды.
«Назарбаев Университеті» білім мектебінің қауымдастырылған профессоры. «Назарбаев университеті» ДББҰ-ның құрылғанынан бастап қамқоршылық кеңесінің мүшесі. 2013-2016 жылдары Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі.
2012 жылы «Құрмет» орденімен марапатталған.