Алматыда «Тері обыры және меланомасын емдеудің жаңа тәсілдері» атты халықаралық конференция өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда «Тері обыры және меланомасын емдеудің жаңа тәсілдері» атты халықаралық конференция өтеді

20.04.2016
Алматыда «Тері обыры және меланомасын емдеудің жаңа тәсілдері» атты халықаралық конференция өтеді

22 сәуірде Алматыда Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасының қоры ғимаратында «Тері обыры және меланомасын емдеудің жаңа тәсілдері» атты халықаралық конференция өтеді. Жиынға Италия, Ресей, Түркия және Испанияның жетекші мамандары қатысады.

Қазақстанда онкологиялық аурулар арасында тері обыры мен мелономасы сүт безі обыры және өкпе обырынан асып түсіп, көш бастап келеді.

Барлық ісіктер арасында адам терісінде пайда болатын қатерлі ісіктің бұл түрі кең таралған, клиникалық-морфологиялық сипатына байланысты көптүрлі келеді. Дегенмен, клиникалық және зертханалық зерттеулер үшін өте қолжетімді.

Бірақ, диагностикалық мүмкіндігінің оңай болғанына қарамастан, әлемде обырдың осы түріне шалдыққандар көп және өлім-жітім көрсеткіші жыл сайын өсіп келеді.

Халықаралық жиында терінің қатерлі ісігі мен меланомасының эпидемиологиясы, терінің онкологиялық патологиясының алдын-алу және диагностикасы, клиникалық хаттамасы және тері обырын емдеудің дербес әдіс-тәсілі, тері қатерлі ісігінің хирургиясы және химиотерапиясына жаңалық енгізу, таргетті және сәулелі терапия мүмкіндіктері мен ауру белгілерін емдеу мәселелері талқыланады.

Бұған қоса, қазақстандық SKIN SCAN ұялы телефонға арналған қосымшасын  таныстыру рәсімі өтеді.

Конференция «Алматы онкологиялық орталығы» МКК, «Қатерлі ісікпен күресейік» қоғамдық қоры, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті-Елбасының қоры және Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен өтеді.

Хабарламаларға жазылу